Теннис: Кукушкин әлемдегі үздік 40 теннисшінің қатарына енді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин әлемдегі үздік 40 теннисшінің қатарына енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін 50-орында тұрған қазақстандық теннисші бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте 39-сатыға көтерілді. Бұл - оның өз спорттық жолындағы ең үздік көрсеткіші.

Өткен аптада Марсель (Франция) турнирін тамаша өткізген М.Кукушкин финалға дейін жетіп, онда грекиялық Стефанос Циципасқа есе жіберген еді.

Қазақстандық теннисші енді жүлде қоры 2,9 млн АҚШ долларына жуықтайтын Дубай турниріне қатысады. Онда алғашқы айналымда әлемнің 13-ракеткасы, хорватиялық Борна Чоричпен кортқа шығады.

Қазақстандық басқа теннисшілердің рейтингтегі орындары төмендеді. Александр Бублик 153-інші, Александр Недовесов 191-сатыға сырғыды.

Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева 43-тен 46-ға, Зарина Дияс 94-тен 96-ға, Елена Рыбакина 192-ден 193-ке төмендеді.

З.Дияс АҚШ-та Индиан-Уэллстегі челенджер турниріне қатысады. Осы жарыстың 12-ракеткасы болып тіркелген Зарина екінші айналымнан бастап сынға түседі. Онда ұлыбританиялық, әлемнің 111-ракеткасы Хитер Уотсон немесе қытайлық, рейтингте 169-орындағы Хань Син-Юньнің бірімен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің үздік елулікке енгенін жазған болатынбыз.

Содан кейін ол Марсель турнирінде финалда ғана ұтылып қалды.

М.Кукушкиннің Дубай турниріндегі қарсыласы да анықталды.

Соңғы жаңалықтар