Теннис: Кукушкин әлемнің бірінші ракеткасына жол берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Уимблдон турнирінің екінші айналымында әлемнің бірінші ракеткасы, испаниялық Рафаэль Надальмен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте осы апта басында 77-інші сатыға көтерілген М.Кукушкин матчты сәтсіз бастап, бірінші партияда қарсыласы 3:0 есебімен алға шыққанымен, таразы басын теңестіре білді.
Дегенмен мықтының аты мықты, бұл сетте Надаль 6:4 есебімен басымдылық танытты. Содан кейінгі екі партияда әлемнің бірінші ракеткасы 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бәсеке 2 сағат 26 минутқа созылды.
Бұдан бұрын 2014 жылғы Уимблдон турнирінің үшінші айналымында Р.Надаль М.Кукушкинді 6:7, 6:1, 6:1, 6:1 есебімен ұтқан болатын. 2010 жылы Бангкок пен 2012 жылы Монте-Карло турнирінде де испаниялық теннисшінің шеберлігі басым болды.
Осылайша биылғы Уимблдон турнирінде жекелей сында Қазақстаннан ешкім қалған жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-інші ракеткасы Юлия Путинцеваның екінші айналымда рейтингте 14-інші орында тұрған ресейлік Дарья Касаткинадан жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.