Теннис: Кукушкин мен Бублик US Open турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисшілер Михаил Кукушкин мен Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 47-орында тұрған М.Кукушкин әлемнің 10-ракеткасы, испаниялық Роберто Баутиста-Агутпен кездесті.

Қарсыластар осыған дейін төрт мәрте жолдары тоқайласып, соның бәрінде де Р.Баутиста-Агуттың мерейі үстем болған екен.

Бірінші партияда брейкке қол жеткізген испаниялық спортшы жеңіске жетті – 6:3.

Есесіне екінші сетте қос бірдей брейк жасаған қазақстандық теннисші 5:0 есебімен алға кетті. Ол осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:1.

Үшінші партияда тағы бір брейк жасаған М.Кукушкин өз мүмкіндігін мүлт жібермеді – 6:4.

Төртінші сетте испаниялық спортшы брейкпен алға шықты – 3:1. Ақыры соны уысынан шығармады – 6:3.

Бесінші, шешуші партияда Р.Баутиста-Агут брейк жасап кетті – 2:1. Дегенмен М.Кукушкин де қарымта қайтарды – 2:2. Испаниялық теннисші тағы брейк жасағанымен, Михаил матчты жеңіспен тәмамдай білді – 6:3.

М.Кукушкин екінші айналымда рейтингте 105-сатыдағы аустралиялық Алексей Попыринмен шеберлік байқасады.

Әлемнің 75-ракеткасы А.Бублик рейтингте 232-орындағы колумбиялық Сантьяго Хиральдомен кездесті.

Бірінші партияны С.Хиральдо өз есебіне жазды – 6:2.

Ал екінші сетте А.Бублик қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Үшінші партияда есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай алды – 7:5.

Төртінші сетте ол 2:2 болғаннан кейін тағы бір брейкке қол жеткізді. Бірақ қарсыласы да қарап қалмай, таразы басын теңестіріп қана қойған жоқ – 6:3.

Шешуші, бесінші партияда А.Бублик 3:0 есебімен алға шықты. С.Хиральдо есепті теңестіре алғанымен, қазақстандық теннисші шеберлігінің басым екенін байқатты – 6:4.

Қос тартысты бәсеке де 3 сағат 18 минутқа созылды.

А.Бубликтің келесі қарсыласы – әлемнің 4-ракеткасы, аустриялық Доминик Тим немесе рейтингте 87-орындағы италиялық Томас Фаббиано.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың әлемнің 2-ракеткасына есе жібергенін жазған болатынбыз.

Сол секілді Елена Рыбакина чехиялық Каролина Муховадан 4:6, 4:6 есебімен ұтылып, бастапқы айналымнан аса алмады.

Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Ю.Путинцева рейтингте 78-орындағы америкалық Мэдисон Брэнглмен кортқа шығады.


Соңғы жаңалықтар