Теннис: Кукушкин Мюнхен турнирінде ұтылып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мюнхен турнирінің алғашқы айналымында Қазақстанның бірінші, әлемнің 96-ыншы ракеткасы Михаил Кукушкин германиялық Маттиас Бахингермен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте М.Бахингер 163-інші орында тұрғанымен, матч аса тартысты өрбіді. Бірінші партияда неміс теннисшісі тай-брейкте 10:8 есебімен жеңіске жетті.
Екінші партияда қазақстандық спортшы қарсыласын 6:3 есебімен ұтты.
Шешуші, үшінші партияда М.Бахингер дәл сондай есеппен қарымта қайырды. Сөйтіп 2 сағат 46 минутқа созылған матчта неміс спортшысы басымдылық танытты. Енді ол екінші айналымда әлемнің 22-інші ракеткасы, оңтүстіккореялық Чхун Хенмен кездеседі.
Жүлде қоры 605525 АҚШ долларына бағаланған Мюнхен турнирі 6 мамырда мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бүгін қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Рабат (Марокко) турнирінің алғашқы айналымында испаниялық Сара Соррибес-Тормоға жол бергенін жазған болатынбыз. Осы турнирде тағы бір қазақстандық спортшы Зарина Дияс италиялық теннисші Сара Эрранимен кортқа шығады.