Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Теннис: Кукушкин Шанхай турнирінде жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Шанхай турнирінің екінші айналымында оңтүстікафрикалық Кевин Андерсонмен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Кукушкин Шанхай турнирінде жеңіліп қалды

М.Кукушкин дүниежүзілік рейтингте 83-інші орында тұрса, осы жарыстың жетінші ракеткасы болып тіркелген К.Андерсон сегізінші сатыда келеді. Сондықтан Кевин Андерсонның бұл бәсекенің фавориті екендігі анық-ты.

Бірінші партияда оңтүстікафрикалық теннисші есеп 2:1 болып тұрған мезетте брейк жасай білді. Сөйтіп ол бұл басымдылығынан айырылған жоқ - 6:3.

Екінші сетте де қос бірдей брейк жасаған К.Андерсон 6:2 есебімен матчты аяқтады. Кездесу 1 сағат 5 минутқа созылды.

Кевин Андерсон үшінші айналымда әлемнің 15-інші ракеткасы, Грекия елінің өкілі Стефанос Циципаспен шеберлік байқасады.

М.Кукушкин бұдан төрт жыл бұрын дәл осы жарыстың екінші айналымында К.Андерсонды 6:4, 6:2 есебімен ұтқан болатын. Бұл жолы сол жетістігін қайталай алмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің жүлде қоры 7 млн АҚШ долларынан асатын Шанхай турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.