Теннис: Кукушкин тартысты матчта ұтылып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Париж турнирінің екінші айналымында әлемнің 9-ыншы ракеткасы, америкалық Джон Изнермен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен аптада Вена турнирінің жартылай финалына дейін жеткен қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 54-інші орынға көтерілген еді.
Венада М.Кукушкиннің, әсіресе, әлемнің оныншы ракеткасы, болгариялық Григор Димитровты ұтуы қуантқан болатын. Енді, міне, Парижде алғашқы ондықтың тағы бір өкілімен шеберлік байқасты.
Бір айта кететін жайт, Джон Изнердің 2010 жылғы Уимблдон турнирінде франциялық Николя Маюмен теннис тарихында ең ұзаққа, 11 сағат 5 минутқа созылған матч өткізіп, қарсыласын жеңгені белгілі. 33 жасар тәжірибелі теннисшінің мықты қарсылас екендігі анық-ты.
Бірінші партияда Д.Изнер (Иснер болып та жазылады) бірден брейк жасап, 2:0 есебімен алға шықты. Ақыры осы қарқынынан айырыла қойған жоқ - 6:3.
Екінші сет әлдеқайда тартысты өрбіді. Қарсыластар бір-біріне жеңістік бермей, партия тағдыры тай-брейкте шешілді. Мұнда М.Кукушкин айқын басымдылық көрсетті - 7:2.
Үшінші, шешуші партияда есеп 2:1 болған мезетте М.Кукушкин америкалық теннисшінің қос бірдей брейк-пойнтты пайдалануына мүмкіндік берген жоқ. Керісінше есеп 5:5 болғанда, қазақстандық спортшы брейк-пойнттан нәтиже шығара алмады. Бұл жолы да қарсыластар тай-брейкке дейін жетіп, онда америкалық теннисші жеңістік бермеді - 7:1. Жалпы, ол матч барысында доп бергенде 33 мәрте эйс жасады. Кукушкин екі эйспен шектелді.
Тартысты кездесу 2 сағат 17 минутқа созылды.
Д.Изнер ширек финалға шығу үшін әлемнің 18-інші ракеткасы, ресейлік Карен Хачановпен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің жүлде қоры 5 млн АҚШ долларына жуықтайтын Париж турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.