Теннис: Кукушкин Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 58-ракеткасы Михаил Кукушкин Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 78-сатыда тұрған испаниялық Пабло Андухармен кездесті.

Бірінші партияда Михаил Кукушкин брейкпен алға шықты - 4:2. Осы басымдылығын сақтай білді - 6:3.

Екінші сетте де М.Кукушкин қарқынын бәсеңдеткен жоқ - 6:2.

Үшінші партияда қазақстандық спортшы брейкпен қоса өз геймдерін де алды - 3:1. Ақыры ол матчты жеңіспен тәмамдады - 6:4.

Бәсеке 2 сағатқа жуық уақытқа созылды.

М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 12-ракеткасы, америкалық Джон Изнер немесе рейтингте 62-сатыдағы норвегиялық Каспер Руудтың бірімен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 82-ракеткасы Александр Бублик рейтингте 116-сатыдағы франциялық Грегуар Баррермен кортқа шықты.

А.Бублик бірінші партияны жеңіспен бастады - 6:3. Алайда қалған сеттерде 4:6, 3:6, 3:6 есебімен қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.

Осылайша Уимблдон турнирінде жекелей сында Қазақстаннан М.Кукушкин мен Ю.Путинцева қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Уимблдонда әлемнің 2-ракеткасын ұтқанын, ал 15 жасар қыздың осы турнирдің бес мәрте чемпионын жеңгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар