Теннис: Кукушкин US Open турнирінің екінші айналымына шықты

Дүниежүзілік рейтингте 103-інші орында тұрған, осы біріншілікке іріктеу турнирі арқылы өткен М.Кукушкин әлемнің 25-інші, аталмыш жарыстың 21-інші ракеткасы, испаниялық Давид Феррермен кортқа шықты. Михаил бірінші партияда 4:6 есебімен жеңілгенімен, содан кейін тамаша ойнап, 6:3, 6:2, 6:1 есебімен атақты теннисшіні бет қаратпай жеңді. Ол бұған дейін Д.Феррерді бірде-бір рет ұтып көрмеген екен.
Екінші айналымда М.Кукушкин өзінің бұрынғы отандасы, әлемдік рейтингте 99-сатыда келе жатқан ресейлік Евгений Донскоймен күш сынасады.
Myscore.ru сайтынан алынған мәліметке қарағанда, әйелдер арасындағы бәсекеде Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-інші ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда тағы бір ресейлік, дүниежүзілік рейтингте 147-інші орында тұрған 1999 жылғы Софья Жукпен кездеседі. Софья іріктеу сайыстарын сәтті өткізіп, негізгі турнирге жолдама алған болатын. Бұл - оның ересектер арасындағы алғашқы «Үлкен дулыға» турнирі.