Теннис: Кукушкин US Open турнирінің екінші айналымына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 84-інші ракеткасы Михаил Кукушкин US Open турнирінің алғашқы айналымында америкалық Ной Рубинмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Н.Рубин дүниежүзілік рейтингте 135-інші сатыда тұрғанына қарамастан, қазақстандық теннисшіге барынша қарсыласып бақты. Оның үстіне корт иесі болғандықтан, жанкүйерлер үнемі қолдау көрсетіп отырды.
Бірінші және екінші партияда М.Кукушкин 6:3, 6:1 есебімен басымдылық көрсетті. Есесіне үшінші сетте Н.Рубин есе қайырды - 6:4.
Төртінші партияда есеп 5:4 болған мезетте Михаил Кукушкин матчқа доп берді. Алайда шешуші сәтте америкалық спортшы брейк жасап, таразы басын теңестіріп, одан кейін өз геймін алып, 6:5 есебімен алға шықты. Дегенмен Михаил есепті қайта теңестіріп, тай-брейкте 7:3 есебімен айласын асыра білді.
Кездесу 2 сағат 41 минутқа созылды.
М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 23-інші ракеткасы, оңтүстіккореялық Чхун Хен немесе рейтингте 104-інші орындағы литвалық Ричардас Беранкистің қай жеңгенімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әйелдер арасында Зарина Диястың әлемнің 8-інші ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковаға жол бергенін жазған болатынбыз.
Тағы бір қазақстандық теннисші, әлемнің 50-інші ракеткасы Юлия Путинцева бастапқы кездесуін америкалық, рейтингте 92-інші орында тұрған Бернардо Перамен өткізеді.