Теннис: Кукушкин Вена турнирінің финалына шыға алмады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 71-інші ракеткасы Михаил Кукушкин Вена турнирінің жартылай финалында жапониялық Кей Нисикоримен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұның алдында жапониялық теннисші осы турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелген, әлемдік рейтингте 7-інші орында тұрған австриялық Доминик Тимді ұтқан еді. Сондықтан бұл кездесудің фавориті рейтингте 11-інші орындағы К.Нисикоридің болуы заңды еді.
Бірінші партияны жапондық теннисші 6:4 есебімен ұтты.
Екінші сетте К.Нисикори 3:0 есебімен алға шықты. Ақыры сол басымдылығынан айырылмай, бұл партияны да жеңіспен аяқтады - 6:3.
Кездесу 1 сағат 30 минутқа созылды.
К.Нисикори финалда рейтингте 30-ыншы орындағы, испаниялық Фернандо Вердаско немесе оңтүстікафрикалық, әлемнің 8-інші ракеткасы Кевин Андерсонның біреуімен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Осылайша бұған дейін табысты өнер көрсеткен М.Кукушкин жүлде қоры 2 млн АҚШ долларынан асатын Вена турнирінің финалына шыға алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Вена турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Аталмыш жарыс ертең мәреге жетіп, жеңімпаз анықталады.