Теннис: Кукушкин Вена турнирінің жартылай финалына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 71-інші ракеткасы Михаил Кукушкин Вена турнирінің ширек финалында венгриялық Мартон Фучовичпен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемдік рейтингте М.Фучовичтің 40-ыншы сатыда тұрғанына қарамастан, жартылай финал жолдамасын сарапқа салған матч аса тартысты өрбіді.
Бірінші партияда венгриялық теннисші 6:4 есебімен басым түсті.
Екінші сет шиеленісе түсіп, ақыры тай-брейкке дейін жетті. Мұнда қазақстандық спортшы 7:2 есебімен тай-брейкті өз есебіне жазды.
Үшінші, шешуші партия тағдыры да тай-брейкте шешілді. Есеп 3:3 болған мезетте Т.Фучович минибрейк жасап, алға шықты. Дегенмен бұдан кейін М.Кукушкин қатарынан екі мәрте брейк жасап, ақыры матчты жеңіспен аяқтады - 7:4.
Тартысты кездесу 3 сағат 21 минутқа созылды.
Михаил Кукушкин финалға шығу үшін әлемнің 7-інші ракеткасы, австриялық Доминик Тим немесе рейтингте 11-інші орындағы жапониялық Кей Нисикоридің қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Вена турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Жүлде қоры 2 млн АҚШ долларынан асатын аталмыш жарыс 28 қазан күні мәреге жетеді.