Теннис: Кукушкин Женева турнирінің екінші айналымынан аса алмады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Женева қаласында теннистен өтіп жатқан турнирдің екінші айналымында жапондық спортшы Кей Нисикоримен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

 Теннис: Кукушкин Женева турнирінің екінші айналымынан аса алмады

«Еуроспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, М.Кукушкин бірінші партияда атақты қарсыласымен тайталасып-ақ бақты, тіпті жеңетіндей мүмкіндігі болмай қалған жоқ. Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 88-інші орында тұрса, К.Нисикори тоғызыншы сатыда келеді. Сондықтан жапондық спортшының шешуші сәттерде шеберлігі көрініп тұрды. Ол бірінші партияны 6:4 есебімен ұтса, екіншісінде бірден 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры бұл партияны да 6:3 есебімен өз пайдасына жазып, ширек финалға жолдама алды. Ал бірінші айналымда Италия елінің өкілі Роберто Маркораны 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірген М.Кукушкин енді әлем біріншілігімен тең саналатын «Үлкен дулыға» турнирінің бірі, қазіргі кезде іріктеу сайыстары өтіп жатқан Францияның ашық чемпионаты - Ролан Гарросқа дайындалатын болады.

Айта кетейік, жүлде қоры  536 774 АҚШ долларын құрайтын Женева турнирі 27 мамырда мәреге жетеді.