Теннис: Латвиялық теннисші жиырма жасында Ролан Гаррос турнирінің жеңімпазы атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парижде теннистен Ролан Гаррос турнирінің әйелдер арасындағы соңғы бәсекесінде әлемнің төртінші ракеткасы, румыниялық Симона Халеп пен дүниежүзілік рейтингте небәрі 47-інші орында тұрған латвиялық Елена Остапенко күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Еуроспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, қос теннисші ойын барысында алма-кезек брейк жасап, бір-бірінен шеберлігін асыруға тырысып бақты. Бірінші партияда тәжірибелі Халеп 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші және үшінші партияның шешуші сәттерінде жиырма жасар Остапенко шебер ойнап, 6:4, 6:3 есебімен ұтты.
Осылайша, күтпеген жерден айды аспанға шығарған Остапенко өз спорттық жолында және Латвия елінің тарихында тұңғыш рет әлем біріншілігімен тең саналатын Франция ашық чемпионатының жеңімпазы атанды. Енді ол дүниежүзілік рейтингте 12-орынға бір-ақ көтеріледі. Егер финалда жеңген кезде С.Халеп бірінші ракетка атанатын еді. Ол ұтылып қалғаннан кейін неміс теннисшісі Анжелика Кербер бұрынғыша рейтингтің көш басында қалатын болды.
Еске сала кетейік, Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирінде үшінші айналымға дейін жетсе, Ярослава Шведова алғашқы кездесуінде-ақ қарсыласына есе жіберген болатын.
Ролан Гаррос турнирінде ерлер арасындағы соңғы сында ертең испаниялық Рафаэль Надаль мен швейцариялық Стэн Вавринка кездеседі.