ТЕННИС: М.Кукушкин аса тартысты матчта М.Чиличке есе жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - US Open турнирінің үшінші айналымында Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукущкин осы жарыстың өткен жылғы жеңімпазы, хорватиялық Марин Чиличпен аса тартысты матч өткізді.
Еуроспорт телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, төрт сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде дүниежүзілік рейтингте 56-ыншы орында тұрған М.Кукушкин әлемнің тоғызыншы ракеткасы М.Чиличпен терезесі тең ойын өрнегін көрсете білді. Бірінші партия тай-брейкке дейін созылып, онда қазақстандық теннисші жеңіске жетті. М.Кукушкин екінші партияда брейк жасап, 5:3 есебімен алда тұрғанымен, оны пайдалана алмады. Мұнда тай-брейкте хорватиялық теннисші айқын басымдылық көрсетті. Ол үшінші партияны да 6:3 есебімен ұтты. Төртінші партияда М.Чилич бірден брейк жасап, алға кетті. М.Кукушкинге тіпті медициналық үзіліс алуға тура келді. Дегенмен қазақстандық теннисші нағыз қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, есепті теңестіріп қана қоймай, тағы да тай-брейкте жеңіске жете білді. Тек шешуші, бесінші партияда М.Кукушкиннің бойы екі метр, доп беруі жойқын М.Чиличпен шайқасуға шамасы жетпеді. Хорватиялық теннисші кездесуді де эйспен бітірді. Сөйтіп ол 6:7, 7:6, 6:3, 6:7, 6:1 есебімен М.Кукушкинді ұтып, төртінші айналымға жолдама алды.
Сонымен, US Open турнирінде әйелдер мен ерлер арасындағы жекелей сында қазақстандықтардан ешкім қалған жоқ.
Айта кетейік, М.Кукушкин осымен АҚШ-тың ашық чемпионатындағы озық табысын қайталады. Бұдан екі жыл бұрын да үшінші айналымға дейін жеткен ол әлемдегі мықтылардың бірі, испаниялық Давид Феррерге жол берген болатын.