Теннис: М.Кукушкин М.Чиличтен жеңіліп қалғанымен, жақсы өнер көрсетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теннистен Кремль кубогы үшін халықаралық жарыстың жартылай финалында қазақстандық Михаил Кукушкин хорватиялық, осы турнирдің екінші ракеткасы, биылғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы Марин Чиличпен тайталаса білді.
Бұған дейін қарсыластар бір-ақ рет кездесіп, онда қазақстандық теннисші жеңіске жеткен екен. Кремль кубогының жартылай финалына үш мәрте шыққан әрі өткен жылғы турнирдің финалисі М.Кукушкин бірінші партияда доп берген кезде М.Чиличтің қатты қарсылығына тап болды. Алайда хорватиялық теннисші сегіз брейк-пойнттың біреуін де пайдалана алмады. Есесіне тоғызыншы геймде М.Кукушкин жалғыз брейк-пойнтты өз есебіне жазды. Одан кейін өзі доп берген кезде де мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Сөйтіп бірінші партияны 6:4 есебімен ұтты. Екінші сет те Михаилдың брейк жасауымен басталды. Алайда одан кейін өзі доп берген кезде осы басымдылығын сақтай алмады. Партия барысында М.Чилич тағы бір брейкке қол жеткізіп, 6:3 есебімен жеңді. Шешуші, үшінші партияда да екі мәрте брейк жасаған хорватиялық теннисші 6:2 есебімен басым түсті.
Жалпы, М.Кукушкин М.Чиличпен терезесі тең өнер көрсетті. Оның жеңіліп қалуына басты себептің бірі М.Чиличтің берген доптары қатты, жылдамдығы да жоғары болды. Сондықтан ол эйсті де көп жасады. Оның үстіне жұма күні де М.Южныймен үш партия өткізген М.Кукушкиннің шешуші тұстарда шаршағаны сезілгендей болды.
Ең бастысы, жартылай финалға дейін жеткен қазақстандық теннисші ұпай қорын молайтты. Осыған дейін әлемдік рейтингте 74-орында тұрса, алдағы дүйсенбіде жоғары көтерілері анық.