Теннис: М.Кукушкин Майами турнирінің екінші айналымына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Майами қаласында (АҚШ) теннистен өтіп жатқан ірі халықаралық турнирде Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин екінші айналымға шықты.

Теннис: М.Кукушкин Майами турнирінің екінші айналымына шықты

Тікелей спорттық көрсетілім арқылы мәлім болғанындай, М.Кукушкин бастапқы кездесуінде америкалық Брайан Бэйкерді 6:4, 6:2 есебімен жеңді. Матч барысында қазақстандық теннисші шебер ойын өрнегін көрсете білді. Екінші партияда есеп 5:1 болып тұрған сәтте Михаил өзі доп бергенде, матч-пойнтты пайдалана алмады. Дегенмен осыдан кейін америкалық теннисші доп бергенде, М.Кукушкин төртінші матч-пойнтты өз есебіне жазып, тартысты бәсекені брейкпен аяқтады.

М.Кукушкин жүлде қоры 7 млн. АҚШ долларынан асатын жарыстың екінші айналымында осы турнирдің 30-ыншы ракеткасы, бразилиялық Томас Беллуччимен күш сынасады.

Еске сала кетейік, М.Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында тағы бір бразилиялық Жоао Соузаны 6:4, 7:6 есебімен тізе бүктіріп, негізгі турнирге жолдама алған болатын.

Майами турнирінің әйелдер арасындағы жарысында (жүлде қоры - 6,1 млн. астам АҚШ доллары) екінші айналымға Қазақстаннан Зарина Дияс қана өткен болатын. Ол бүгін турнирдің 31-інші ракеткасы, австралиялық Дарья Гавриловамен кортқа шығады.