Теннис: Михаил Кукушкин Марсельде тартысты матчта жеңіліп қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 168-ракеткасы Михаил Кукушкин Марсель ATP 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Михаил Кукушкин Марсельде тартысты матчта жеңіліп қалды

Негізгі додаға іріктеу сайыстарынан кейін қосылған М.Кукушкин бірінші айналымда әлемнің 109-ракеткасы, франциялық Пьер-Юг Эрбермен кездесті.

Бірінші партия тағдыры тай-брейкте шешіліп, франциялық спортшының еншісінде кетті – 7:6 (7:5).

Екінші сетте есеп 6:5 болған мезетте корт иесі тағы бір брейк жасап, матчты тәмамдады – 7:5. 1 сағат 54 минутқа созылған тартысы бәсеке барысында М.Кукушкин 6 эйс жасап, 2 брейк-пойнтты түгел пайдаланды. Қарсыласы 8 эйс, 3 брейкке (8 брейк-пойнт) қол жеткізді.

Осылайша қазақстандық теннисші жүлде қоры 545,2 мың еуроға бағаланған турнирде жарыс жолынан шығып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын елордада теннистен әйелдер арасында ірі халықаралық жарыс өтетінін, Александр Бубликтің Доха турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.