Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Теннис: Недовесов Алматы турнирінің ширек финалына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстандық Александр Недовесов теннистен Алматыда өтіп жатқан челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Недовесов Алматы турнирінің ширек финалына шықты

Дүниежүзілік рейтингте 254-інші орында тұрған А.Недовесов кеше отандасы Тимур Хабибуллинді үш партияда ұтқан еді.

Бүгін қазақстандық теннисші осы турнирдің 7-інші ракеткасы болып тіркелген хорватиялық, рейтингте 203-інші сатыда тұрған Нино Сердарусицпен күш сынасты. Бұл тартысты матч та үш сетке, 2 сағат 18 минутқа созылды. Недовесов бірінші партияда 5:7 есебімен ұтылып қалғанымен, содан кейінгі екі сетте (6:4, 6:4) есе қайтара білді.

А.Недовесов жүлде қоры 50 мың АҚШ доллары болатын Алматы турнирінің жартылай финалына шығу үшін әлемнің 406-ыншы ракеткасы, 19 жасар австриялық Юрий Родионовпен күш сынасады.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған, 16 маусымда мәреге жететін Алматы турнирінде жекелей сында Қазақстаннан Недовесовтен басқа ешкім қалған жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Недовесовтің Шымкент турнирінде жартылай финалға шыға алмағанын жазған болатынбыз.