Теннис: Путинцева Брисбенде іріктеу сайыстарының финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстаннның бірінші, әлемнің 34-ракеткасы Юлия Путинцева Брисбенде (Аустралия) іріктеу сайыстарының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іріктеу сайыстарының 1-ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева жартылай финалда рейтингте 95-орында тұрған америкалық Мэдисон Бренглмен кездесті.

Бірінші партияда америкалық спортшы 3:0 есебімен алға шықты. Қазақстандық теннисші таразы басын біртіндеп теңестіре алды – 5:5. Алайда сосын өз гейміне қоса сетті де беріп қойды – 5:7.

Есесіне екінші сетте Ю.Путинцева 4:0 есебімен алға кетті. Қарсыласы қарап қалмай, екі рет брейк жасағанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 6:2.

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші Бренглді бет қаратпай ұтты – 6:1.

Барынша тартысты өткен бәсеке 2 сағат 15 минутқа созылды.

Ю.Путинцева іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 92-ракеткасы, бұрынғы отандасы, ресейлік Анастасия Потаповамен кездеседі. Оны жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.

Жүлде қоры 1,5 млн АҚШ долларына бағаланған негізгі жарыс ертең басталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Брисбен жарысын жеңіспен бастағанын, ал Зарина Диястың Гонконг турнирінің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар