Теннис: Путинцева Хобарт турнирінің ширек финалына өте алмады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Хобарт (Австралия) турнирінің екінші айналымында украиналық Леся Цуренкомен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Ю.Путинцева әлемнің 50-інші ракеткасы болса, Л.Цуренко -одан жеті саты жоғары тұрған теннисші. Бірінші партия 6:3 есебімен украиналық спортшының пайдасына шешілді.
Екінші партияда Л.Цуренко бірден 3:0 есебімен алға шықты. Бұдан кейін Юлия брейк жасағанымен, өзі доп берген сәттегі мүмкіндігін пайдалана алмады. Украиналық теннисші керісінше сәтті ойнап, есепті 5:1-ге жеткізді. Одан соң Путинцева бір геймді алғанымен, Цуренко бәрібір жеңістік бермей, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, бірінші айналымда жапониялық Наоми Осаканы ұтқан қазақстандық теннисші 1 сағат 14 минутқа созылған бұл матчта жеңіліп қалды.
Айта кетейік, Ю.Путинцева тағы бір қазақстандық теннисші, әлемнің 60-ыншы ракеткасы Зарина Дияспен бірге 15 қаңтарда басталатын Австралия ашық чемпионатына қатысады. Міне, әлем біріншілігімен тең саналатын осы «Үлкен дулыға» турнирінде кім шебер ойнап, келесі айналымдарға өтсе, соның ұпай қоры молайып, рейтингісі де жоғарылайтыны анық.