Теннис: Путинцева мен Зарина Дияс Astana Open турниріне қатысады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Юлия Путинцева мен Зарина Дияс Нұр-Сұлтанда 25 қыркүйек – 2 қазан аралығында елімізде алғаш рет өтетін Astana OpenWTA 250 турниріне қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Путинцева мен Зарина Дияс Astana Open турниріне қатысады

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, әлемнің 33- ракеткасы Ю.Путинцева мен рейтингте 110-орында тұрған З.Дияс осылайша Ұлттық теннис орталығының корттарында

өнер көрсетпекші.

Қатысушылар қатарында әлемнің 52-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсонова, бұрын жұптық сында дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, «Үлкен дулыға» турнирлерінің бес дүркін жеңімпазы, франциялық Кристина Младенович, жекелей сында екі мәрте «Үлкен дулыға» додасының финалисі атанған ресейлік Вера Звонарева бар.

Халықаралық турнирде сондай-ақ швециялық Ребекка Петерсон, чехиялық Тереза Мартинцова, бельгиялық Элисон Ван Эйтванк, румыниялық Ирина-Камелия Бегу,

словениялық Полона Херцог, хорватиялық Ана Конюх және басқа теннисшілер бақ сынайды.

Тағы төрт спортшы негізгі турнирге іріктеу сайыстары арқылы өтеді. Қалған төртеуі ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алады.

Жарыстың жүлде қоры 235 мың АҚШ долларын құрамақ.

Жекелей сында чемпион атанған ойыншы 29 200, финалист 16 398 долларға ие болмақ. Тіпті алғашқы айналымда жеңіліс тапқандардың өзі құр кетпей, 3 325 доллар алмақ.

Жұптық сынның жеңімпаздары 10 300, финалистер 6 мың АҚШ долларын бөліп алады. Бірінші айналымнан аса алмағандар 1 750 долларды бөледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ярослава Шведованың US Open турнирінде қарсыласына есе жібергенін, Александр Бубликтің екінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.