Теннис: Путинцева Нюрнберг турнирінің жартылай финалына шыға алмады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 28-інші ракеткасы Юлия Путинцева Нюрнберг қаласында теннистен өтіп жатқан халықаралық турнирдің ширек финалында румыниялық, дүниежүзілік рейтингте 67-інші орында тұрған Сорана Кырстямен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Теннис: Путинцева Нюрнберг турнирінің жартылай финалына шыға алмады

www.myscore.ru сайтындағы тікелей көрсетілімнен мәлім болғанындай,  25 мамыр күні кешкісін басталған кездесудің бірінші партиясында румыниялық спортшы 6:3 есебімен жеңіске жетті. Екінші партия да тартысты өрбіді.   Мұнда дәл сондай есеппен Ю.Путинцева басым болды. Үшінші, шешуші партияны С.Кырстя брейкпен бастап, 1:0 есебімен алға шықты. Дегенмен Юлия қайта брейк жасап, таразы басын теңестіре білді. Сосын шиеленісті өткен өз геймін бермей, тағы бір брейк жасап, есепті 3:1-ге жеткізді. Бірақ Кырстя да қалыспай, есепті қайта теңестірді. Мамандар әдетте жетінші геймді шешуші деп жатады. Бұл гейм де аса тартысты өтіп, доп берген қазақстандықтың пайдасына шешілді. Есесіне сегізінші геймді Сорана бермеді - 4:4. Осыдан кейін матч кейінге қалдырылып, бүгін түсқайта жалғасты. Бұл жолы румыниялық теннисші бірден брейк жасап, сосын өз геймінде дес берген жоқ. Сөйтіп ол шешуші партияда 6:4 есебімен жеңіске жетті.

С.Кырстя жартылай финалда әлемнің 254-інші ракеткасы болса да, осы турнирді сәтті өткізіп келе жатқан чехиялық Барбора Крейчиковамен кортқа шығады. Екінші жартылай финалда әлемнің 19-ыншы, осы турнирдің бірінші ракеткасы, голландиялық  Кики Бертенс пен дүниежүзілік рейтингте 64-інші сатыда тұрған жапониялық Мисаки Дои кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын тағы бір қазақстандық Ярослава Шведова ширек финалда Мисаки Доидан 4:6 есебімен бірінші партияда жеңіліп, сосын кездесуді жалғастыра алмай, жарыс жолынан шығып қалған болатын.

Жүлде қоры 226 750 АҚШ долларын құрайтын Нюрнберг турнирі 27 мамырда мәреге жетпек.