22:39, 27 Мамыр 2018 | GMT +6
Теннис: Путинцева «Ролан Гаррос» турнирін жеңіспен бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парижде басталған «Ролан Гаррос» турнирінде қазақстандық Юлия Путинцева әлемнің 22-ші ракеткасы, ұлыбританиялық Йоханна Контамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ойын тізгінін бірден қолға алып, бірінші партияда 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Екінші партияда да қарқынын бәсеңдетпеген Юлия 6:3 есебімен басымдық көрсетті. Кездесу 1 сағат 25 минутқа созылды.
Бұдан бұрын Путинцева Контамен екі мәрте кездесіп, екеуінде де жеңіліп қалған болатын. Бұл жолы соның есесін қайырды.
Юлия екінші айналымда әлемнің 83-інші ракеткасы, америкалық Дженнифер Брэдимен кортқа шығады.