Теннис: Путинцева «Ролан Гаррос» турнирінің үшінші айналымына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымында қазақстандық, әлемнің 98-інші ракеткасы Юлия Путинцева америкалық Дженнифер Брэдимен кортқа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш «Үлкен дулыға» турнирінде жекелей сында Қазақстаннан жалғыз қалған Юлия бірінші партияда дүниежүзілік рейтинтге өзінен 12 саты жоғары тұрған Брэдиден 6:4 есебімен басым түсе білді.
Екінші партияда есеп 3:3 болып тұрған сәтте қазақстандық теннисші брейк жасап, сосын өзінің геймінде де қарсыласын тықсыра білді - 5:3. Тағы бір брейкке қол жеткізген Путинцева 6:3 есебімен жеңіске жетті. Кездесу 1 сағат 28 минутқа созылды.
Осылайша Ю.Путинцева «Ролан Гаррос» турнирінің үшінші айналымына шығып, өткен жылғы нәтижесін қайталап отыр. Юлияның бұдан кейін де табысты өнер көрсетуіне мүмкіндігі бар. Ол енді әлемнің 35-інші ракеткасы, хорватиялық Петра Мартич немесе қытайлық, рейтингте 85-інші орында тұрған Ван Цянның біреуімен кездеседі. Бұлардың қай-қайсысы да - жеңуге болатын спортшылар.
Еске сала кетейік, Парижде өтіп жатқан айтулы додада бүгін Зарина Диястың жарыс жолынан шығып қалғанын жазған болатынбыз.