Теннис: Путинцева Тайбэй турнирінің ¼ финалына өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 51-інші ракеткасы Юлия Путинцева Тайбэй турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

 Теннис: Путинцева Тайбэй турнирінің ¼ финалына өтті

Ол бүгін дүниежүзілік рейтингте 273-інші орында тұрған Тайбэй елінің өкілі Чжан Кайчжэньді тізе бүктірді. Бірінші партияда Юлия 6:3 есебімен басымдылық көрсетті. Екінші партияда қазақстандық теннисші оңай жеңіске жететіндей көрінгенмен, шиеленісіп барып, тай-брейкпен аяқталды. Онда Путинцева 7:3 есебімен басым түсті. Кездесу 1 сағат 48 минутқа созылды.

Путинцева жартылай финалға шығу үшін Украина елінің өкілі, әлемнің 85-інші ракеткасы Катерина Козловамен шеберлік байқасады. К.Козлова бірінші айналымда осы турнирдің екінші ракеткасы, қытайлық Чжан Шуайды, бүгін оның отандасы Йин-Йин Дуаньды жолдан тайдырған болатын.

Еске сала кетейік, бүгін осы турнирде қазақстандық Зарина Дияс румыниялық Моника Никулескуден ұтылып қалды.