Теннис: Путинцева Торонто турнирінің екінші айналымына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Юлия Путинцева Торонто (Канада) WTA турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда кезінде әлемдік рейтингте көш бастаған осы турнирдің 15-інші, әлемнің 18-ракеткасы, даниялық Каролина Возняцкимен кездесті.

Бұған дейін қарсыластар екі мәрте жолдары тоқайласып, бір-бірден жеңіске жеткен еді. Алдымен 2016 жылы Путинцева Аустралия ашық чемпионатында Возняцкиді тоқтатқан-ды. Бір жылдан кейін даниялық теннисші Сиднейде есе қайырды.

Матчты сәтті бастаған Ю.Путинцева 2:0 есебімен алға шықты. Дегенмен есеп 3:4 болған мезетте даниялық спортшы брейк жасай білді. Сосын сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4.

Екінші партияда есеп 3:2 болғанда, Возняцки брейкпен алға кетті – 4:2. Ақыры ол матчты брейкпен тәмамдады – 6:2.

Бәсеке 1 сағат 27 минутқа созылды.

Осылайша хард төсенішінде өзінің көптеген табыстарына қол жеткізген К.Возняцки бұл жолы да өзінің мықты екендігін дәлелдей білді. Ол Путинцевамен өзара кездесулерінде 2:1 есебімен алға шықты.

Жүлде қоры 2,5 млн АҚШ долларынан асатын Торонто жарысы 11 тамызда мәреге жетеді.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Михаил Кукушкин Монреаль турнирінің алғашқы айналымында рейтингте 69-орындағы франциялық Адриан Маннариномен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Вашингтон жарысының жартылай финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.

З.Дияс Вашингтонда біршама табысты өнер көрсетуінің нәтижесінде дүйсенбіде жаңартылған рейтингте 84-тен 79-сатыға көтерілді.


Соңғы жаңалықтар