Теннис: «Ролан Гаррос» турнирі тағы бір аптаға кейінге шегерілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Теннистен жыл сайын Парижде өтетін «Ролан Гаррос» турнирі тағы бір аптаға шегерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: «Ролан Гаррос» турнирі тағы бір аптаға кейінге шегерілді

Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткеніндей, Франция ашық чемпионаты биылғы 27 қыркүйек пен 11 қазан аралығында өтетін болды.

Ұйымдастырушылар АТР және WTA-мен кеңескеннен кейін осындай шешімге келді. Бұл теннисшілердің тағы бір «Үлкен дулыға» додасы – US Open турнирінен кейін қалпына келулеріне мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, «Ролан Гаррос» турнирі күзге қалдырылып, 20 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін болған-ды. Олай болған жағдайда бір апта бұрын аяқталатын US Open турнирінен кейін спортшылардың дайындалуына уақыт қалмайтын.

«Ролан Гаррос» – жыл сайын өтетін төрт «Үлкен дулыға» турнирінің бірі. Оған қазақстандық теннисшілер де үнемі қатысып, бақ сынап келеді.