ТЕННИС: Ролан Гаррос турнирінде М.Кукушкин бірінші айналымнан аса алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің бірінші айналымында қазақстандық Михаил Кукушкин франциялық Адриан Маннариномен күш сынасты.

ТЕННИС: Ролан Гаррос турнирінде М.Кукушкин бірінші айналымнан аса алмады

Тікелей спорттық көрсетілім арқылы мәлім болғанындай, бірінші партияда 6:4 есебімен франциялық теннисші басым түссе, екіншісінде М.Кукушкин (6:2) таразы басын теңестірді. Алайда үшінші партияда дәл осындай есеппен (6:2) А.Маннарино есе қайырды. Төртінші партияда есеп 3:3 болып тұрған кезде қазақстандық теннисші өз геймін беріп қойды. Дегенмен қайта брейк жасап, есепті теңестірді. Әйтсе де өзі доп берген сәтте мүмкіндігін пайдалана алмады. Бұл шешуші сетте А.Маннарино 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Сөйтіп әлемдік рейтингте 83-інші орында келе жатқан М.Кукушкин өзінен он сатыдай жоғары тұрған теннисшіден айласын асыра алмады. Ол Ролан Гаррос турниріне ерлер арасында Қазақстаннан қатысқан жалғыз-ақ ойыншы болатын.