Теннис: Ролан Гаррос турнирінде Путинцева швециялық теннисшімен кездеседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парижде өтіп жатқан Франция ашық чемпионаты - Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымында Қазақстанның бірінші, әлемнің 29-ыншы ракеткасы Юлия Путинцева Швеция елінің өкілі Юханна Ларссонмен кездеседі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
www.championat.com алынған мәліметке қарағанда, Ю.Путинцева бүгін алғашқы кездесуінде әлемдік рейтингте 204-інші орында тұрған франциялық Миртиль Жоржесті 6:3, 6:0 есебімен ұтты. Қазақстандық теннисші бастапқыда 1:3 есебімен ұтылып жатқанымен, содан кейін 11 геймді қатарынан өз пайдасына жазып, қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Ал әлемнің 59-ыншы ракеткасы Ю.Ларссон бірінші айналымда ресейлік Наталья Вихлянцеваны 6:4, 6:4 есебімен жолдан тайдырды.
Тағы бір қазақстандық, дүйсенбі күні жаңартылған рейтингте 45-інші орынға көтерілген Ярослава Шведоваға жеребе бойынша аса мықты қарсылас түсті. Ол бірінші айналымда Украина елінің жарық жұлдызы, әлемнің 6-ыншы ракеткасы Элина Свитолинамен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, теннистен жылдың ең басты жарыстарының бірінен саналатын Ролан Гаррос турнирінде ерлер арасындағы жекелей сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 85-інші ракеткасы Михаил Кукушкин бастапқы ойынында америкалық Теннис Сандгренді 6:2, 6:1, 6:4 есебімен тізе бүктірген болатын. Оның келесі қарсыласы, испаниялық Роберто Баутиста-Агут дүниежүзілік рейтинге М.Кукушинге қарағанда, әлдеқайда жоғары, 18-інші орында тұр.