ТЕННИС: «Ролан Гаррос» турнирінде Зарина Дияс үшінші айналымға өте алмады

Қазспорт телеарнасынан тікелей эфирден көрсеткен матчты қазақстандық теннисші өте қарқынды бастап, бірінші партияны 6:0 есебімен бет қаратпай ұтты. Алайда екінші партияда бельгиялық спортшы 6:1 есебімен есе қайырды.
Үшінші, шешуші партия аса тартысты өтті. Біразға дейін есеп тең болып келе жатқанымен, алдымен Алисон ван Уйтванк брейк жасап, есепті 5:3-ке жеткізді. Зарина қайтадан брейк жасағанымен, өзі доп берген сәтте басымдылықты ұстап тұра алмады. Сөйтіп мұнда 6:4 есебімен бельгиялық теннисші жеңіске жетті.
Айта кетейік, Зарина әлемнің 32-інші ракеткасы болса, Алисон ван Уйтванк 93-інші орында тұрған еді.
Элисон ван Уйтванк үшінші айналымда франциялық Кристина Младеновичпен кортқа шығады. К.Младенович бірінші кездесуінде әлемнің алтыншы ракеткасы, канадалық Эжени Бушарды жеңген болатын.