Теннис: Ролан Гаррос турнирінің финалына шыққандар белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парижде теннистен өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің ерлер арасындағы бәсекесінде финалға шыққан спортшылар белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Алдымен жартылай финалда әлемнің бірінші ракеткасы, ұлыбританиялық Энди Маррей мен Швейцария елінің өкілі, дүниежүзілік рейтингте үшінші сатыда келе жатқан Стэн Вавринка күш сынасты. 4 сағат 34 минутқа созылған аса тартысты кездесуде швейцариялық теннисші 6:7 6:8), 6:3, 5:7, 7:6 (7:3), 6:1 есебімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
Екінші жартылай финал тартысты бола қойған жоқ. Атағынан ат үркетін испаниялық теннисші, әлемнің төртінші ракеткасы Рафаэль Надаль 2 сағат 7 минутқа созылған матчта австралиялық, дүниежүзілік рейтингте жетінші орында тұрған Доминик Тимді 6:3, 6:4, 6:0 есебімен қиналмай ұтты. Осы жарыс барысында әлемнің екінші ракеткасы, сербиялық Новак Джоковичтің өзін жолдан тайдырған Д.Тим бұл жолы қайрат көрсете алған жоқ. Ал испаниялық теннисші тамаша бабында. Егер ол финалда С.Вавринканы жеңетін болса, «Ролан Гаррос» турнирінің он мәрте чемпионы атанбақ. Вавринка ұтса, әлемдік рейтингте екінші орынға көтеріледі.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы финалда осы турнирде тамаша табысқа жеткен латвиялық теннисші, жиырма жасар Елена Остапенко әлемнің төртінші ракеткасы, Румынияның жарық жұлдызы Симона Халеппен кездеседі. Әйелдер арасында финал сенбі, ерлердің бәсекесі жексенбі күні өтеді.
Қазақстаннан қатысқан Юлия Путинцева үшінші айналымға дейін жетіп, онда Ролан Гаррос турнирінің өткен жылғы жеңімпазы, испаниялық Гарбинье Мугурусаға есе жіберген болатын. Ал Ярослава Шведова бірінші айналымда-ақ осы турнирде бесінші ракетка болып тіркелген украиналық Элина Свитолинадан жеңіліп қалды. Ерлер арасында Михаил Кукушкин екінші айналымда испаниялық Роберто Баутиста-Агуттан ұтылып, үмітін үзуге мәжбүр болды. Енді қазақстандық теннисшілер басқа жарыстарда бақ сынап, «Үлкен дулыға» турнирінің бірі - Уимблдон жарысына дайындалады.