Теннис: Рыбакина Ухань турнирінің үшінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина Ухань турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Е.Рыбакина екінші айналымда Тунис елінің өкілі Онс Жабермен шеберлік байқасты.

Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 50-орында тұрса, қарсыласы одан төрт саты төмен еді.

Бірінші партияда Е.Рыбакина айқын басымдылық көрсетті – 6:1.

Екінші сетте де 4:3 есебімен алға шыққан еді. Алайда тунистік спортшы да брейк жасап, таразы басын теңестіріп кетті. Тай-брейкте О.Жабердің жолы болды – 7:6 (7:3).

Үшінші, шешуші партияны Е.Рыбакина жеңіспен аяқтай білді – 6:2.

Бәсеке 1 сағат 52 минутқа созылды.

Е.Рыбакина жүлде қоры 2,828 млн АҚШ долларына бағаланған жарыстың ширек финалына шығу үшін кезінде рейтинг көшін бастаған, осы турнирдің төртінші, әлемнің 6-ракеткасы, румыниялық Симона Халеппен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Ухань турнирін сәтті бастағанын, ал Юлия Путинцеваның алғашқы айналымнан аса алмағанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар