Теннис: Рыбакина Ыстанбұл турнирінің жартылай финалына өте алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Ыстанбұл турнирінің жартылай финалына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 161-орында тұрған 19 жасар қазақстандық спортшы ширек финалда әлемнің 47-ракеткасы, жуырда 33-ке толған чехиялық Барбора Стрыцовамен күш сынасты.

Бірінші партияда Рыбакина қарсыласына бірде-бір гейм бермей, ойсырата ұтты - 6:0.

Есесіне екінші сет тартысты өрбіп, тай-брейкке дейін жетті. Онда тәжірибелі теннисшінің бағы жанды - 8:6.

Үшінші, шешуші партияда қос бірдей брейк жасаған Стрыцова 4:0 есебімен алға шықты. Содан кейін матчты тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:0.

Бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.

Б.Стрыцова жартылай финалда тағы бір чехиялық, әлемнің 46-ракеткасы, 19 жасар Маркета Вондрусова немесе рейтингте 117-орындағы испаниялық Лара Арруабаррена-Весиноның біреуімен шеберлік байқасады.

19 жасар Рыбакинаның іріктеу сайыстарынан өтіп, турнирдің ширек финалына дейін жеткенін едәуір табыс деп есептеуге болады. Алда осындай ірі жарыстарда сәтті өнер көрсетсе, рейтингісі де жоғарылай беретіні анық.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ыстанбұлдың негізгі турниріне жолдама алып, одан кейін екінші айналымға өтіп, ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.

Ал ерлер арасында Александр Бублик Мексикадағы турнирді сәтті бастап, сосын ширек финалына шықты.

Соңғы жаңалықтар