ТЕННИС: С.Уильямсты ұтып, итальяндық Р.Винчи суперсенсация жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Итальяндық теннисші, әлемдік рейтингте 43-інші орында тұрған 32 жастағы Роберта Винчи US Open турнирінің жартылай финалында өзінен екі жас үлкен әлемнің бірінші ракеткасы, америкалық Серена Уильямсты ұтып, суперсенсация жасады.

ТЕННИС: С.Уильямсты ұтып, итальяндық Р.Винчи суперсенсация жасады

Еуроспорт арнасынан тікелей эфирде төрткіл дүние тамашалағанындай, Р.Винчи даңқты америкалықпен кездесуде аса батыл қимылдап, шебер ойын өрнегін көрсете білді. Бірінші партияда 2:6 есебімен есе жібергенімен, екінші және үшінші партияны 6:4 есебімен жеңді. Керісінше С.Уильямс қателікке жиі бой алдырды. Сөйтіп Роберта Винчи айды аспанға шығарып, финалға шықты. Соңғы бәсекеде ол өзінің отандасы Флавия Пеннетамен шеберлік сынасады. «Үлкен дулыға» турнирінде қос бірдей итальяндық теннисшінің финалда кездесуі - бұрын-соңды болмаған жағдай.

Айта кетейік, Серена Уильямс осыған дейін әлем чемпионатымен тең болып есептелетін «үлкен дулыға» турнирін 21 рет ұтқан еді. Соның ішінде US Open турнирінде 2011 жылғы финалдан бері жеңіліп көрмеген болатын. Биыл ол үш бірдей «үлкен дулыға» жарысында үздік шығып, төртінші рет жеңімпаз атануға қатты дәмелі еді. С.Уильямс әлемнің 43-інші ракеткасынан тізе бүгеді деп ешкім ойлаған жоқ.