Теннис: Серена Уильямс «Үлкен дулыға» турнирінде 23-інші рет чемпион атанып, рекорд жасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін теннистен Австралия ашық чемпионатының финалында апалы-сіңлілі Винус және Серена Уильямстер өзара кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Еуроспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, ойын бірден тартысты басталды. Бастапқыда теннисшілер екі-екіден брейк жасап та үлгерді. Кей тұста ашуға ерік берген Серена тіпті ракеткасын кортқа ұрып, сындырып тастап, төрешіден ескерту алды. Дегенмен әлемнің екінші ракеткасы емес пе, оның шешуші сәттерде апасынан шеберлігі басым екендігі көзге ұрып тұрды. Бірінші партия 6:4 есебімен Серенаның пайдасына аяқталды.
Екінші партияда есеп 3:3 болғаннан кейін жетінші геймде Винус доп берген мезгілде Серена өз мүмкіндігін қалт жібермей, брейк жасап, алға шықты. Содан кейін өзі доп берген сәтте де апасына дес бермей, есепті 5:3-ке жеткізді. Бұдан кейін Винус өз геймін алып, есепті қысқартқанымен, Серена бәрібір мықты екендігін танытты. Сөйтіп бұл жолы да 6:4 есебімен ұтты.
Осылайша, Серена Уильмс әлем біріншілігімен тең саналатын «Үлкен дулыға» турнирлерінде 23-інші рет чемпион атанып, бұл көрсеткіш бойынша германиялық атақты теннисші Штеффи Графты (22) басып озды.
Айта кетейік, бұған дейін «Үлкен дулыға» турнирлерінің финалында апалы-сіңлілер сегіз рет кездесіп, соның алтауында Серена жеңіске жеткен еді. Соңғы рет 2015 жылы US Open финалында да Серена ұтқан болатын. Бір қызығы, олардың кәсіби деңгейде алғашқы өзара ойыны бұдан 19 жыл бұрын осы Австралия ашық чемпионатында өтіп, онда Винус үстемдік көрсеткен екен. Жалпы, олар 28 рет шеберлік байқасып, соның 17-сінде Серена басым түсіп отыр. Ал осы біріншіліктің 2003 жылғы финалында апалы-сіңлілер кортқа шығып, онда да кішісінің бағы жаныпты. Сіңлісі «аямағандықтан», Винустың бүгін де жолы болмады. Бұл, кім білген, жасы келіп қалған оның соңғы мүмкіндігі шығар. Дегенмен Австралия ашық чемпионатында талайды жолда қалдырып, тамаша ойын өрнегін көрсеткен Винус дүйсенбі күні 11-інші ракетка атанатын болса, ал Серена әлемдік рейтингте қайтадан көш бастайды.
Бұл чемпионаттың басты бір ерекшелігі, әйелдер арасында да, ерлер арасында да финалға алғаш рет жасы отыздан асқан теннисшілер шықты. Винус 36-да болса, Серена одан бір жас қана кіші. Ал ертең чемпиондық атақ үшін таласатын швейцариялық Роджер Федерер 35-те болса, испаниялық Рафаэль Надаль 30-да. Бұл бабы келіссе, шеберліктің жасқа қарамайтындығын көрсетеді.