Теннис: Шведова Майами турнирінің екінші айналымына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Ярослава Шведова Майами (АҚШ) турнирінің бірінші айналымында кезінде әлемдік рейтингте көш бастаған сербиялық белгілі теннисші Елена Янковичпен кездесіп, 4:6, 6:4, 7:6 (7:3) есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, 2 сағат 29 минутқа созылған аса тартысты кездесуде Ярослава қарсыласы матчболға ойнаған кезде де берілмей, өз шеберлігін көрсете білді. Бәрі де тай-брейкте шешіліп, Янкович үш рет қателік жіберіп, өз мүмкіндігін пайдалана алмады.
Ярослава Шведова биыл қатарынан сегіз жеңілістен кейін алғашқы ұтысына қол жеткізіп отыр. Енді ол екінші айналымда осы турнирдің 17-інші ракеткасы болып тіркелген ресейлік Анастасия Павлюченковамен шеберлік байқасады.
Айта кетейік, жүлде қоры 7 млн. АҚШ долларына жуықтайтын турнирде Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева бірден екінші айналымнан бастап, германиялық Карина Виттёфтпен кортқа шығады.