ТЕННИС: Уимблдон турниріне қазақстандықтар да қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Лондонда «үлкен дулыға» жарысының бірі болып есептелетін Уимблдон турнирі басталады.

ТЕННИС: Уимблдон турниріне қазақстандықтар да қатысады

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, жүлде қоры ерлер мен әйелдер арасында да бірдей - 14 687 991 АҚШ доллары.

Әйелдер арасындағы бәсекеде Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-інші ракеткасы, жиырма бір жасар Зарина Диясқа жеребе жолдас бола қойған жоқ. Ол алғашқы айналымда итальяндық аса тәжірибелі теннисші, әлемдік рейтингте 24-інші орында тұрған отыз үш жасар Флавия Пеннеттамен кездеседі. Тағы бір қазақстандық, әлемдік рейтингте 77-інші орында тұрған 27 жасар Ярослава Шведова 54-інші сатыдағы 33 жасар хорватиялық Мирьяна Лючич-Баронимен шеберлік байқасады. Ал әлемнің 95-інші ракеткасы, 20 жасар Юлия Путинцева дүниежүзілік рейтингте 86-ыншы орындағы жаңазеландиялық, 27 жасар Марина Эраковичпен кортқа шығады.

Әлемнің бірінші ракеткасы, американдық Серена Уильмс биыл «үлкен дулыға» турнирлерін түгелдей жеңіп алмақ ниетте. Сондай-ақ Уимблдон турнирінің өткен жылғы жеңімпазы, чехиялық Петра Квитова, ресейлік Мария Шарапова, румыниялық Симона Халеп және басқалары қарап қалмас.

Ерлер арасындағы сайыста Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкинге аса мықты қарсылас түсті. Ол осы турнирдің 2013 жылғы жеңімпазы, биылғы үшінші ракеткасы, ұлыбританиялық Энди Марреймен күш сынасады. Іріктеу сайыстарынан өтіп, негізгі турнирге қосылған Александр Недовесов бірінші айналымда турнирдің 22-інші ракеткасы, сербиялық Виктор Троицкимен кездеседі.

Әлемнің бірінші ракеткасы, сербиялық, Уимблдон турнирінің өткен жылғы жеңімпазы Новак Джокович, швейцариялықтар Роджер Федерер, Станислас Вавринка, испаниялық Рафаэль Надаль сынды мықтылар бас жүлдеден үмітті.

Екі аптаға созылатын Уимблдон турнирі 12 шілдеде мәреге жетеді.

Айта кетейік, Зарина Дияс пен Ярослава Шведова өткен жылы осы турнирде табысты өнер көрсетіп, төртінші айналымына дейін жеткен болатын.