Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Теннис: Уимблдонда 15 жасар қыз осы турнирдің бес мәрте чемпионын ұтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Уимблдон турнирінің алғашқы айналымында 15 жасар америкалық Кори Гауфф өзінің отандасы, 39 жасар Винус Уильямсты жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Теннис: Уимблдонда 15 жасар қыз осы турнирдің бес мәрте чемпионын ұтты

Әлемдік рейтингте 313-орында тұрған К.Гауфф негізгі жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған еді.

2004 жылы 13 наурызда дүниеге келген америкалық теннисші Уимблдон тарихындағы ең жас теннисші ретінде тіркелді.

К.Гауфф бастапқы кездесуін атақты америкалық спортшы, осы турнирдің бес мәрте жеңімпазы В.Уильямспен өткізді.

Ойын барысында үш мәрте брейк жасаған жас теннисші 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Матч аяқталғаннан кейін Гауфф көз жасына ерік берді. Енді ол екінші айналымда рейтингте 139-орындағы словакиялық Магдалена Рыбариковамен шеберлік байқасады.

В.Уильмс тамаша ойнаған жас отандасының бұдан былай да табысқа жетуіне тілектестігін білдірді.

Осылайша К.Гауфф теннис әлемінде тағы бір жарық жұлдыздың айы оңынан туып келе жатқанын танытып үлгергендей.

Уимблдонда Винустың сіңлісі, «Үлкен дулыға» турнирлерінің 23 мәрте жеңімпазы Серена Уильмс те өнер көрсетеді.

Ерлер арасында 2 шілде күні Қазақстанның бірінші, әлемнің 58-ракеткасы Михаил Кукушкин рейтингте 78-сатыдағы испаниялық Пабло Андухармен кездеседі. Ал әлемнің 82-ракеткасы Александр Бублик рейтингте 116-орында тұрған франциялық Грегуар Баррермен кортқа шығады.

Екі аптаға созылатын Уимблдон додасы 14 шілдеде мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Уимблдонда әлемнің 2-ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.