ТЕННИС: Я.Шведова мен К.Деллакуа финалда қарсыластарына есе жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Францияның ашық чемпионаты «Ролан Гаррос» турнирінде рейтингте 12-інші орындағы қазақстандық Ярослава Шведова мен австралиялық Кейса Деллакуа жұбы финалда чехиялық Люси Шафаржова мен американдық Бетани Маттек-Сэндспен (7-інші ракетка) күш сынасты.
Қазспорт арнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, бірінші партияда Я.Шведова мен К.Деллакуа бірнеше брейкке қол жеткізіп, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Тартысты өткен екінші партияны брейк-пойнттардың бірін сәтті пайдаланған чехиялық пен американдық теннисші 6:4 есебімен ұтты.
Үшінші, шешуші партияда қос бірдей брейк жасаған Л.Шафаржова мен Б.Маттек-Сэндс 6:2 есебімен қарсыластарын тізе бүктіріп, турнирдің жеңімпазы атанды.
Биыл тәжірибелі жұптардың бірінен саналатын Л.Шафаржова мен Б.Маттек-Сэндс Австралия ашық біріншілігінде де чемпиондық атаққа қол жеткізген болатын.
Еске сала кетейік, әйелдер арасында жекелей сында финалда осы Л.Шафаржованы жеңген атақты американдық, әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямс осы турнирдің үш мәрте жеңімпазы атанды. Сонымен қатар ол «үлкен дулыға» жарысын осымен жиырмасыншы рет ұтып отыр.