ТЕННИС: Я.Шведова жұптық сында финалда өнер көрсетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Париж қаласында өтіп жатқан Францияның ашық чемпионаты «Ролан Гаррос» турнирінде қазақстандық Ярослава Шведова австралиялық Кейса Деллакуамен бірге жұптық сында финалға жолдама алды.
Жұптық сында 12-інші болып тіркелгеніне қарамастан, Я.Шведова мен К.Деллакуа жартылай финалда осы жарыстың екінші ракеткалары, ресейліктер Екатерина Макарова мен Елена Веснинаны 6:3, 6:2 есебімен ұтты.
Айта кетейік, қазақстандық теннисші мен австралиялық спортшының жұптасып өнер көрсете бастағанына көп бола қойған жоқ. Соның өзінде шеберліктерінің жоғары екенін танытып, финалға шығуы - үлкен жетістік. Енді олар соңғы бәсекеде осы жарыстың жетінші ракеткалары, чехиялық Люси Шафаржова мен американдық Бетани Маттек-Сэндспен кездеседі. Оның үстіне Л.Шафаржова жекелей сында өз спорттық тарихында алғаш рет финалда атақты американдық Серена Уильямспен күш сынасады.