ТЕННИС: Я.Шведова жұптық сында US Open турнирінің чемпионы атана алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Ярослава Шведова австралиялық Кэйси Деллакуамен бірге жұптық сында US Open турнирінің финалында швейцариялық Мартина Хингис және үндістандық Саня Мирзамен бас жүлдені сарапқа салды.

ТЕННИС: Я.Шведова жұптық сында US Open турнирінің чемпионы атана алмады

Я.Шведова мен К.Деллакуа әлемнің төртінші ракеткалары болса, М.Хингис пен С.Мирза дүниежүзілік рейтингтің көш басында келеді. Олар шеберліктерінің басым екендігін осы матчта да көрсете білді. Швейцариялық пен үндістандық теннисші бірінші партияда екі, екіншісінде үш рет брейк жасады. Ал қазақстандық пен австралиялық теннисші бір-бірден ғана брейкке қол жеткізді. Сөйтіп бір сағаттан астам уақытқа созылған матч 6:3, 6:3 есебімен М.Хингис пен С.Мирзаның кезекті жеңісімен аяқталды. Әсіресе, кезінде жекелей сында бес мәрте «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы атанған 34 жасар М.Хингис жұптық сында да шеберлігінің жоғары екендігін көрсетіп келеді. Ол осының алдында тағы бір үндістандық, 42 жасар Леандер Паеспен бірге миксте де US Open турнирінің чемпионы атанған болатын.

Айта кетейік, Я.Шведова мен К.Деллакуа биыл осымен екінші рет «Үлкен дулыға» турнирінің финалына шығып отыр. Бұдан бұрын олар «Роллан Гаррос» жарысының шешуші бәсекесінде америкалық Бетани Матек-Сандс пен чехиялық Люция Шафаржоваға есе жіберген еді.