ТЕННИС: Ю.Путинцева А.Ивановичке есе жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында теннистен өтіп жатқан халықаралық турнирде қазақстандық Юлия Путинцева әлемнің алтыншы ракеткасы, сербиялық Ана Ивановичпен күш сынасты.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, 1 сағат 20 минутқа созылған кездесуде А.Иванович 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Сербиялық теннисші үшінші айналымда словениялық Полона Херцог немесе франциялық Каролин Гарсияның біреуімен кортқа шығады.
Айта кетейік, бұдан бұрын үшінші айналымға өткен Зарина Дияс әлемнің бірінші ракеткасы, американдық Серена Уильямспен шеберлік байқасады. Бұл - олардың бірінші кездесуі. Сондай-ақ, ерлер арасындағы осы турнирде германиялық Дастин Браунды ұтып, екінші айналымға шыққан тағы бір қазақстандық Андрей Голубев испандық Томми Робредомен ойнайды.