Теннис: Ю.Путинцева күтпеген жерден К.Возняцкиді жеңіп кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мельбурн қаласында басталған теннистен Австралия ашық чемпионатында қазақстандық Юлия Путинцева күтпеген жерден әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, даниялық Каролина Возняцкиді ұтып кетті.
Қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингте 18-інші орында келе жатқан, осы турнирдің 16-ыншы ракеткасы болып тіркелген К.Возняцки күткендегідей бірінші партияны аса сәтті өткізіп, әлемдік сатыда 76-ыншы сатыда тұрған Ю.Путинцеваны 6:1 есебімен жеңді. Әйтсе де аса тартысты өткен екінші партияда қазақстандық теннисші таразы басын өзіне аудара білді. Сөйтіп тай-брейкте атақты қарсыласынан 7:3 есебімен басым түсті. Шешуші, үшінші партияда да Ю.Путинцева жеңіске деген жігері мен шеберлігін таныта біліп, 6:4 есебімен тура үш сағат 15 минутқа созылған кездесуге әдемі нүкте қойды.
Сөйтіп К.Возняцки өз спорттық өмірінде алғаш рет Австралия ашық чемпионатының екінші кезеңіне өте алмады. Ал Ю.Путинцеваның келесі қарсыласы - қытайлық Хань Синьюнь.
Еске сала кетейік, ертең Мельбурн кортына Қазақстаннан Зарина Дияс пен Ярослава Шведова және ерлер арасында Михаил Кукушкин шығады.