00:02, 26 Мамыр 2015 | GMT +5
ТЕННИС: Ю.Путинцева «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Париж қаласында теннистен өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирінде қазақстандықтардан әзірге Юлия Путинцева ғана сәтті өнер көрсетті.

Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, әлемнің 99-ыншы ракеткасы, 20 жасар Ю.Путинцева өзінен екі жас үлкен сербиялық, дүниежүзілік рейтингте 87-інші орында тұрған Александра Круничпен кездесті. 2 сағат 15 минутқа созылған матчта қазақстандық теннисші 3:6, 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Екінші айналымда Ю.Путинцева турнирдің 19-ыншы ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен шеберлік байқасады.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар Ярослава Шведова, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев бірінші айналымда-ақ қарсыластарынан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды. Әзірге Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс кортқа шыққан жоқ. Ол іріктеу сайыстарынан негізгі турнирге өткен германиялық Дина Пфиценмайермен күш сынасады.