ТЕННИС: Ю.Путинцева Уимблдон турнирінің бес мәрте жеңімпазы В.Уильямске есе жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондонда өтіп жатқан Уимблдон турнирінде қазақстандық, дүниежүзілік сатыда 95-інші орында тұрған, 20 жасар Юлия Путинцева осы жарыстың 16-ыншы ракеткасы, 35 жастағы Винус Уильямспен күш сынасты.
Ресейлік Спорт 1 телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, матч аса тартысты өтті. Бірінші партияда американдық теннисші тай-брейкте ғана айласын асыра алды. Кейде оған сәттілік те жолдас болды. Екінші партияда да Юлияның брейк-пойнтты пайдаланатындай мүмкіндіктері болды. Дегенмен аса тәжірибелі, Уимблдон турнирінің бес мәрте жеңімпазы В.Уильямс 6:4 есебімен жеңіске жетті. Кездесуде Юлия Путинцева атақты қарсыласынан қаймықпай, жақсы ойнап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Айта кетейік, Уимблдон турнирінде қазақстандықтардан жекелей сында Зарина Дияс қана жарыс жолын жалғастырады. Ол үшінші айналымда германиялық, осы турнирдің 14-інші ракеткасы Андреа Петковичпен шеберлік байқасады. Биыл Зарина мен Андреаның екі мәрте жолдары тоқайласқан болатын. Әзірге есеп - 1:1.