Теннис: Юлия Путинцева Astana Open турнирін сәтті бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева Astana Open WTA 250 турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Юлия Путинцева Astana Open турнирін сәтті бастады

Елімізде алғаш рет осындай жоғары деңгейде өтіп жатқан жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бірінші айналымда рейтингіде 162-орында тұрған грузиялық Екатерина Горгодземен кездесті.

Ю.Путинцева қарсыласын 6:1, 6:2 есебімен оңай ұтты.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Путинцева 1 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Горгодзе 1 эйспен шектеліп, брейкке қол жеткізе алған жоқ.

Ю.Путинцеваның келесі қарсыласы - Беларусь өкілі, рейтингіде 408-сатыдағы Вера Лапко. Ол бастапқы кездесуінде германиялық Юле Нимайерді ұтты - 7:5, 4:6, 6:4.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Astana Open турнирінде тартысты матчта есе жібергенін, ал Зарина Диястың екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.