Теннис: Юлия Путинцева Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Путинцева Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 43-ракеткасы Ю.Путинцева бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 103-орында тұрған болгариялық Цветана Пиронковамен өткізді.
Қазақстандық теннисші 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Юлия 3 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 33-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен шеберлік байқасады. Ол тартысты бәсекеде отандасы, рейтингте 151-сатыдағы Алена Большовадан басым түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Уимблдон турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Уимблдон жастар турнирінің іріктеу сайысында бақ сынайды.