Теннис: Юлия Путинцева Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 42- ракеткасы Юлия Путинцева Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпараттілшісі.

Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 33-інші, осы «Үлкен дулыға» додасының 30-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен күш сынасты.

Бірінші партияда испаниялық теннисші 6:4 есебімен басымдылық танытты.

П.Бадоса екінші сетте қарқынын тіпті үдетті – 6:1.

Бәсеке 1 сағат 20 минутқа созылды.

Матч барысында испаниялық спортшы 2 эйс жасап, 9 брейк- пойнттың бесеуін пайдаланды. Бірде-бір рет эйс жасамаған Ю.Путинцева 3 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды.

Осылайша Уимблдонда жекелей сында Қазақстаннан Александр Бублик пен Елена Рыбакина ғана қалды.

П.Бадоса төртінші айналымға шығу үшін әлемнің бесінші, осы жарыстың 3-ракеткасы, украиналық Элина Свитолина немесе рейтингте 44-орындағы Польша өкілі Магда Линеттің біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің алғаш рет Уимблдон турнирінің екінші айналымына шыққанын, Елена Рыбакинаның үшінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар