ТЕННИС: З.Дияс Бирмингемде Хертогенбос турнирінің жеңімпазы К.Джорджимен күш сынасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс Ұлыбританияның Бирменгем қаласында 15-21 маусым аралығында өтетін халықаралық турнирдің бірінші айналымында итальяндық теннисші Камила Джорджимен шеберлік байқасады.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, аталмыш жарыстың жүлде қоры - 665,9 мың АҚШ доллары. Әлемдік сатыда алғашқы үштікке кіретін румыниялық Симона Халеп осы жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген.
Бұған дейін әлемдік рейтингте 35-інші орынды иеленген 23 жасар К.Джорджи Голландияның Хертогенбос қаласында мәреге жеткен турнирде аса сәтті өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды. Сөйтіп ол өз спорттық жолында осындай бірінші табысқа қол жеткізді. Аталған жарыс барысында ол Қазақстанның екінші ракеткасы Ярослава Шведованы тартысты бәсекеде ұтып кетті. Бұдан бұрын Зарина мен Камила өткен жылы бір-ақ рет кездесіп, Майамиде қазақстандық теннисші жеңген болатын.
Еске сала кетейік, З.Дияс Ұлыбританияның Ноттингем қаласында өткен турнирде әлемнің 129-ыншы ракеткасы Сачия Викериге жол беріп, екінші айналымнан аса алмаған еді.