Теннис: З.Дияс Осака турнирінің финалында С.Стосурге есе жіберді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияның Осака қаласында теннистен халықаралық турнир мәреге жетті.

Теннис: З.Дияс Осака турнирінің финалында С.Стосурге есе жіберді

Финалда қазақстандық Зарина Дияс пен австралиялық Саманта Стосурдың кездесуі 1 сағат 40 минутқа созылды. Бұл матчта Заринадан әлдеқайда тәжірибелі Саманта 7:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бірінші партия аса тартысты болып, онда Стосур тайк-брейкте ғана 9:7 есебімен ұта алды. Ал екінші партияда Самантаның шеберлігі анық байқалды. Стосур екі рет эйс жасап, үш брейк-понтты өз пайдасына жазды. Зарина екі эйске қол жеткізді.

Осымен С.Стосур Осака турнирінің үш дүркін жеңімпазы атанып отыр. Финалға дейін жеткен З.Дияс та бұл жарыста жақсы өнер көрсетіп, дүниежүзілік рейтингте өз есебіне 180 ұпай жазып, 21400 доллар табыс тапты.

Қазақстанның бірінші ракеткасы З.Дияс осыған дейін ITF турнирін бес рет ұтқанымен, Осакадағыдай, WTA жарыстарында әзірге озық шыға қойған жоқ.